Семейде 25 жыл бұрын жоғалып кеткен Ержанды туыстары әлі іздестіріп жатыр

Автор: Azattyq Rýhy

Жақындары оның аман екеніне сенімді

Бес жастағы Ержанның суреті

Осыдан 25 жыл бұрын - 5 жасында жоғалып кеткен семейлік Ержан Сүйінжановты туыстары әлі де іздестіруде. Қазір Ержан 30-ға келген жігіт болуы керек. Жақындары оның аман екеніне сенімді және де бір күні қайта отбасымен қауышады деген үміттерін үзер емес, деп хабарлайды Altaynews.

Бұл оқиға 1996 жылы Семейде болған. «Сосна» деп аталатын балаларға арналған санаторий-профилакторийде 19 бала сауықтыру курсынан өтіп жатқан. Араларындағы балалардың ең үлкені 15 жаста, ең кішісі Ержан еді.

14 шілде күні санаторийдің үш қызметкері 16 баланы серуенге алып шығып, сол серуеннен тек 15 бала қайта оралған. 5 жастағы Ержан үшті-күйлі жоғалып кетеді. Ержанның туыстарының айтуынша, санаторий қызметкерлері баланың жоғалып кеткенін үш тәулік бойы жасырып келген. «Баланы уақытында іздегенде тауып алуға мүмкіндік болар ма еді» деген ой Ержанның жақындарын 25 жыл жегідей жеп келеді.

Содан бері іздеу жұмыстары бір күнге де тоқтамаған. Туыстары оның аман-есен екеніне сенеді. Баланы біреу ұрлап кетіп, асырап алды деп ойлайды.

«Қазір отбасылы, бала-шағасы бар үлкен азамат шығар... Мүмкін сол кезде баланы көргендер немесе ол туралы қандай да ақпарат білетіндер табылып қалар ма деген үміттеміз», - дейді жақындары.