БҚО-да дүкен кассасы мен айырбастау пунктін тонағандар ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қаскөйлер жұмысқа кетіп бара жатқан кассирді күштеп көлікке отырғызып, кілтін тартып алған

 

Батыс Қазақстан облысының полицейлері облыс орталығында жасалған қылмысты ашты. Тәртіп сақшылары дүкен мен айырбастау пунктін тонап кеткен ер адамдарды ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.

Орал қаласы полиция басқармасының кезекші бөліміне қала дүкендерінің бірінің сатушысынан қоңырау келіп түскен. Ол тапанша ұстаған ер адамдардың өзін қорқытып, кассадан ақша алып кеткенін хабарлаған. Бірнеше сағаттан кейін полицияға айырбастау пунктінің кассирі де көмек сұрап жүгінген.

Сатушыны тапаншамен қорқытқан қаскөйлер дүкен кассасынан 75 мың теңгені ұрлап кеткен. Оқиға орнында жедел уәкілдер қылмыскерлердің дүкеннің ғимаратында орналасқан айырбастау пунктін де тонағанын анықтады. Ол жерден ер адамдар 1,5 миллион теңге, 260 АҚШ доллары, 260 еуро, 169 мың ресейлік рубльді сондай-ақ кассирдің жеке заттарын алып кеткен.

Қылмыскерлердің көздегені дүкен емес, валюта айырбастау пункті болғаны белгілі болды. Себебі олар қалай əрекет ететінін алдын ала жоспарлаған. Кассир жұмысқа бара жатқанда қаскөйлер оны ұрлап кеткен. Дүкен арқылы айырбастау пунктінің қызметтік кіреберісіне жетіп, нысанды сигнализациядан алып тастаған, одан соң қызметтік кіреберістің есігін кассирдің кілтімен ашқан. Ал кассирдің өзі көлікте байлаулы отырған. Кетіп бара жатып, олар дүкендегі кассаны да тонаған. Сатушыны қорқыту үшін қолданылған тапаншаның жалған екені анықталды.

Күдіктілер қылмыс орнынан автокөлікпен қашып, ал байлаулы кассирді жолда қалдырған. Қылмыскерлерден құтылған ол жақын маңдағы үйге жеткенде полицияға қоңырау шалған.

«Аталмыш қылмыс күндізгі уақытта жасалды. Қылмысты жасау үшін күдіктілер алдын ала дайындалған», - деп атап өтті Орал қаласы ПБ бастығының орынбасары Нұрлан Бисенов.

Бейнебақылау камераларының көмегімен полицейлер қаскөйлердің жүру жолын тексерді. Күдіктілерді іздестіру шаралары барысында тәртіп сақшылары олардың мініп кеткен көліктерінің тіркеуде жоқ екенін, яғни есептен шығарылғанын жəне онда жалған ресейлік нөмірлер болғанын анықтады.

Полицейлер үш күдіктіні ұстады. Олардың екеуі Ақтөбе облысының тұрғындары болып шықты. Ер адамдардан заттай дәлелдемелер тәркіленді. Қазіргі уақытта тергеу жүргізілуде.