Петропавлда қыс бойы қары тазармаған көшелер көлге айналды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір коммуналдық қызмет күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп жатыр

Петропавлда көшеге су жайылып, тұрғындардан маза қашты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

«Солнечный 2» шағынауданы қыс бойы тазартылмаған екен. Енді тау боп үйілген ақ ұлпа еріп, аулаларды суға толтырды. Қазір коммуналдық қызмет күндіз-түні дамылсыз жұмыс істеп жатыр.

Қала іргесінде тұратын халықты еріген қар суы әуре-сарсаңға сала бастады. Жылда көктемде тұрғындардың көретіні осы. 

Жаңадан бой түзеген «Солнечный 2» шағынауданында 200-ден астам баспана салынды. Алайда құрылыс жұмыстары әлі толық аяқталмағандықтан ауданның екінші жағында суағар салынбапты. Соның салдарынан қар суы жайылып жатыр.

«Көлігімізді көшеге тастап, үйімізге жаяу барамыз. Себебі саз батпақ. Ең бастысы, арам суға арналған құдықтар толып қалмаса болғаны», - дейді қала тұрғыны Ольга Денисова.

Әзірге қанша ауланы су басып қалғаны жөнінде нақты ақпарат жоқ. Көптен күткен баспаналарына жақында ғана қол жеткізген тұрғындар су үйге кіріп кете ме деп алаңдайды.

«Көшенің шетінде шағын су өткізетін құбыр бар. Ал ол қардың астында қатып жатыр. Сәйкесінше, ешқайда кетпеген су жайылуда. Тіпті болмаған соң әкімдікке хабарласып көмек сұрадық», - дейді қала тұрғыны Олеся Канакина.

Қазір коммуналдық қызметшілер мұнда арықтарды тазалап, су сору жұмыстарымен айналысып жатыр.

«Бұл ауданның жобасында суағарлар салу жоспарда болмаған. Дегенмен, біз былтыр шағын арықтар орнаттық. Бұл жұмыстар енді биыл да жалғасатын болады. Сондықтан болашақта мұндай мәселе болмайды», - деді қала әкімінің орынбасары Асқар Хабибулин.

Айта кету қажет, аталған үйлер «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасы бойынша салынған.