Петропавлда 19 жастағы бойжеткенді зорламақ болған күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Ер адам үйдің кіреберісінде қыздың тамағына пышақ тақап, зорламақ болған

Фото: politie.nl

Петропавлда 19 жастағы бойжеткенге үй подъезінде шабуыл жасаған ер адам ұсталды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy СҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 5 сәуір күні сағат 20.00 шамасында Петропавлдағы көп қабатты үйлердің бірінің подъезінде болған. Белгісіз ер адам 19 жастағы бойжеткеннің тамағына пышақ тақап, зорламақ болған. Алайда қыздың айғайлағанын естіген көршілері оны құтқарып қалған, ал ер адам қашып кеткен.

7 сәуір сағат 18.15 шамасында Петропавл қалалық полиция басқармасының қызметкерлері осы қылмысқа қатысы бар деген күдіктіні ұстады. Ол облыс орталығының 49 жастағы тұрғыны болып шықты. Ол бұған дейін бірнеше рет сотталған екен.

«Қазіргі уақытта ұсталған ер адам Петропавл қалалық полиция басқармасына жеткізілді. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Бұл іс толық, жан-жақты, барлық жағдайлар ескеріле отыра объективті тергеледі, нәтижесі бойынша процессуалдық шешім қабылданады», – делінген хабарламада.