Ақтауда зейнет жасындағы азаматтың үйінен есірткі мен тапанша табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Күдіктінің үйінде 60 жастағы Өзбекстан азаматы да болған

скриншот: видео

Маңғыстау облысының полиция өкілдері жасырын тергеу әрекеттерін жүргізіп, С. есімді азаматтан салмағы 1,9 грамм «героин» есірткісін сатып алу операциясын жүргізді.

2 сәуірде сағат 15:00 шамасында жедел-іздестіру кезінде тұрғылықты жері бойынша пәтерден 66 жастағы азамат С. ұсталды. Тінту барысында пәтерден:

  • салмағы 30 грамм болатын «героин» есірткі заты бар шыны банкі;
  • салмағы екі грамм «героин» есірткі заты бар бір қағаз түйіншек;
  • бір дана ПМ маркалы тапанша және екі дана тапаншаның оқ-дәрісі;
  • бір дана «Стражник» маркалы тапанша, тоғыз дана оның оқ-дәрісі;
  • үш дана қолдан жасалынған пышақ;

Сондай-ақ, пәтердегі тоңазытқыштан салмағы 5 келіні құрайтын бекіре тұқымдас балықтардың төрт данасы табылып, алынды.

Бұдан бөлек, ұсталған азаматтың «Шығыс-1» ықшам ауданындағы салынып жатқан үйінде жұмысшы - 60 жастағы Өзбекстан азаматы болған. Тінту іс-шараларын жүргізу кезінде үйден:

  • бір дана «ОСА Лазер» маркалы тапанша, оның үш дана оқ-дәрісі;
  • бір дана қолдан жасалған пышақ тәркіленді.

Ұсталған азамат Ақтау қаласы ПБ уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал шетелдік азамат қабылдау-тарату орнына орналастырылды.