Иттің мойнында қарғыбаудың ізі болған
Аталмыш оқиға 3 сәуірге қараған түні Павлодар ауданының Новоямышево ауылында болған, деп хабарлайды Pavlodarnews.kz.
«Аллюр компании ЛТД» ЖШС филиалының қорықшысы Болат Оспановтың айтуынша, үйлердің бірінің ауласына кірген қасқыр туралы учаскелік полиция инспекторынан білген. Екеуі көмек сұраған үйге келген.
«Иелері есікті ашып, жануарға тас лақтырған. Әдетте, итке айқайласаңыз, ол қашып кетер еді. Ал ол жануар қашып кетпеген, ауланың ортасында тұрып алып, үй иелерін сыртқа шығармай қойған. Мен аулаға кіріп едім, қасқыр менің бағытыма қарай жүгірді. Сол кезде оны атып тастадым, соңынан тағы бір рет аттым. Егер ол ит болса, онда құтыру ауруымен ауырған болуы мүмкін. Мал дәрігерлері жануардың өлексесін алып кетті», - дейді Болат Оспанов.
Павлодар ауданының ветстанция басшысы Шайғапбас Ахметовтың айтуынша, иттің мойнында қарғыбаудың іздері болған.
«Шақыру кезінде ит немесе қасқыр екенін ешкім нақты айта алмады, бірақ түсі бойынша жануар қасқырға ұқсас болды», - деп атап өтті Шайғапбас Ахметов.
Алайда Новоямышево тұрғыны Владимир Глазырин қорықшы қасқырды емес, оның Рой атты итін өлтірді деген сенімде.
«Мен «102» нөміріне қоңырау шалып, учаскелік инспектор мен қорықшының заңсыз әрекеттері туралы хабарладым. Менің білуімше, регламентке сәйкес ауыл әкімін шақырусыз атуға құқығы жоқ еді. Итті қасқырдан ажырата алмаған қызметкерлер жазалануы керек. Сонымен қатар, мен прокуратураға осы қызметкерлерге қатысты өтініш бергім келеді», - деді Владимир Глазырин.
Владимир Глазыриннің айтуынша, Рой командаларға үйретілген және бұрын шешіліп кетпеген.
3 сәуірде түнде ит көрші көшедегі ауласынан кетіп қалып, 500 метр қашықтыққа қалай барғаны белгісіз.
Өлтірілген 1,5 жастағы хаски болған.