$ 498.34  519.72  4.85
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
02.04.2021, 17:38
Оқиғалар

Президенттен көмек сұраған алматылық студенттер мен ұстаздар аштық жариялады

Қан қысымы көтерілген академия ректорына жедел жәрдем қызметкерлері келді

Президенттен көмек сұраған алматылық студенттер мен ұстаздар аштық жариялады

Бас лицензиясынан айырылған М.Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясының ұстаздары мен студенттері, олардың ата-аналары аштық жариялап, Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетовтің бейне байланысқа шығуын талап етуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.

Наразы топ «талабымызға ешкім құлақ аспай отыр» деп шағымданды. Білім және ғылым министрлігі түсіндіру жұмыстарын жүргізуге жіберген комиссия мүшелері БАҚ өкілдерінен қашса, академия ректоры кабинетінен шықпай қойды. 

«Былтыр қазанда құжаттар сай келмейді деп лицензиямызды алып қойды. 4 наурызда бізге «Логистика және көлік тасымалы» деген атпен жаңа лицензия берді. Бірнеше мамандықты алып тастап, профильді оқу орны етіп қалдырды. «Құрылыс және автомобиль жолдары» ең маңызды мамандықтың бірі және осы кафедраны еш себепсіз жабамыз дейді. Студенттер мен ата-аналар бүгін үшінші күн наразылық білдіріп, аштық жариялап отыр. Министрліктен арнайы өкілдер келіп, бізге жауап береді деп күттік. Бірақ келген адамдар біздің сұрағымызға еш нақты жауап бермей отыр. Қазір бәріміз министр Аймағамбетовтің бізбен онлайн байланысқа шыққанын күтіп отырмыз, бірақ ол кісі шықпады. Біз де, студенттер де министр байланыс шықпайынша, ешқайда кетпейміз. Оларға біздің ғимарат қажет пе, әлде біреуіне 1 миллион теңге бөлінетін 600 грантқа (600 миллион) қызығып отыр ма, білмедік. Бізге ашып ештеңе айтпай отыр», - деді оқытушы Әсем Каипова.

«Басқа оқу орнына бармаймыз» деп ашуға булыққан студенттер Білім және ғылым министрлігінен келген комиссия өкілдерін «мәселемізді шешпейінше, ғимараттан шығармаймыз» деп бекініп отыр. 

«Министрлік біздің рұқсатымызсыз басқа оқу орнына ауыстырмақшы. Біз екі күн бойы күннің суығында далада тұрдық, ғимараттың ішіне бүгін ғана кірдік. БҒМ жіберген комиссия өкілдері бізге толымды жауап бермеді. Қазір біз оларды ғимараттан шығармай, кепіл ретінде ұстап отырмақшымыз», - деді студент Ахмет Бейсенжан.

Балаларының жағдайына алаңдаған ата-аналар да еліміздің түкпір-түкпірінен келіп отырғанын айтты.

«Мен сонау Шығыс Қазақстаннан келдім. Атыраудан, Шымкенттен келе жатқан аналар бар. Мен де баламның жағдайын естіп, жолға шықтым. Бүгін жоғары жақтан келген адамдар мардымды жауап бермей, бәрін дүйсенбіге қалдырып отыр. Оларды «барып, көрініп қайтыңдар» деп көзбояушылық үшін жіберген. Жас абитуриенттердің өміріне өз қолдарымен балта шауып, 600 адамды далаға қалдырып отыр. Мен мұнда барлық ата-ананың атынан келіп отырмын. Балам неше күннен бері нәр тартпады, көңілсіз. Егер, жастарға бір жағдай болып қалса, кім жауап береді? Үйде төрт балам қалды, олардың жағдайына да алаңдап, қаным көтеріліп отыр. Біздің балаларымызды ойыншық қылып болды ғой, оларға білім қызық болып тұрған жоқ. Жастардың өміріне алаңдаса, Аймағабетов неге байланысқа шықпайды? Бұл мәселенің көтерілгеніне алты ай болды. Бәріміз шаршап кеттік. Бар үмітіміз Президент Қасым-Жомарт Тоқаевта», - деді Бақыт Құнанбаева.

Айта кетейік, осыдан екі күн бұрын үш айдан бері стипендия алмадық деген студенттер Тоқаевтан көмек сұраған еді. Министрлік болса олардың мәселесін «үш тәулік ішінде шешіп береміз» деп мәлімдеді.

Айжан Қалиева, Алматы

Серіктес жаңалықтары