Семей тұрғыны көлікті айдап әкетіп, өртеп жіберген

Автор: Azattyq Rýhy

Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде

Фото: ашық дереккөзден

Бірнеше күн бұрын Семей қаласы Полиция басқармасы Әуезов полиция бөлімінің «102» жедел арнасына 29 жастағы қала тұрғыны жүгінді. Ол 05-08 наурыз аралығында белгісіз біреулер үйдің ауласына қойылған «ВАЗ» көлігін айдап кеткенін хабарлады. Материалдық шығын 1 600 000 теңгені құрады. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Патрульдік полиция қызметкерлері бірден «Тосқауыл» жоспарын жариялады. Сол күні Әуезов полиция бөлімінің кезекші бөліміне қаланың тағы үш тұрғыны белгісіз адамдардың көліктерін өртеп жібергені туралы хабарланды.

«Криминалдық полиция қызметкерлерімен жедел ізге түсумен ізін суытпай 24 жастағы күдікті азамат ұсталды. Тергеу амалдары барысында 05-06 наурызға қараған түні 24 жастағы жергілікті тұрғын автокөлік ұрлағанын және үш көлікті қасақана өртегені анықталды. Ұсталған кезде күдікті жасаған қылмысын мойындады. Өрт-техникалық сараптама тағайындалды»,- деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК 200-бабы 1-бөлігі, 202-бабы 2-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізілуде.