Алматы облысының Матай ауылында мектеп психологы екі бірдей оқушы қызды педофилден құтқарып қалған
Алматы облысының Матай ауылында мектеп психологы екі бірдей оқушы қызды педофилден құтқарып қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Бұл жайында Жанна Ахметова әлеуметтік желідегі парақшасында жазған.
Жанна Ахметова оқушыны педофилден құтқарып қалған мұғалім еңбегінің елеусіз қалғанын айтады. Ол шенеуніктерге психологты марапаттап, Жаңа жыл қарсаңында құттықтауды ұсыныпты.
«Бұл әділетсіздік! Екі баланы аман алып қалса да, оған тіпті, мақтау қағазы да берілмеген. Мен оны Қазақстанның ғана емес, «Әлем мұғалімі» деген атаққа ұсынар едім. Ол ержүрек адам Алматы облысындағы Матай ауылында тұрады, оның аты-жөні Ажар Дүйсенбекова. Ол Матай орта мектебінде 11 жыл мұғалім және мектеп психологы болып жұмыс істеп келеді. Тұрмысқа шыққан, үш баласы бар. Оның мейірімді жүрегі қаншалықты батылдыққа да толы десеңізші!», - дейді Ахметова.
Оқиға 2018 жылдың қыркүйегінде болыпты. Балалар жазғы демалыстан қайтып келгенде, Ажар бір оқушы қыздың өзін жайсыз сезініп жүргенін байқайды. Барлық балалардың өздерін қалыпты ұстайтынын, бірақ жетінші сынып оқушысы Сәуленің (аты өзгертілді) мінез-құлқы түбегейлі өзгергенін көреді. Белсенді, көңілді қыздан еш жұрнақ қалмаған, мүлдем өзгерген. Жасөспірім жуас әрі үркек болып кеткен, әрдайым көзін төмен салып жүретін болған.
Мұғалім мектеп психологы ретінде шұғыл түрде орта мектепте бірнеше анонимді сауалнама жүргізеді.
«Мен оларды әдейі бөлек отырғыздым, кейінірек кімнің қай жерде отырғанын ұмытпас үшін отырған орындарын есіме сақтап алдым. Тіпті, әр қатарды аралап, оқушылардың парағына үңіліп, кімнің не жазып отырғанын есте сақтауға тырыстым», - дейді психолог.
Сауалнамаларды зерттегеннен кейін ол Сәуленің басында әлдебір сұмдық жайттың болғанын сезеді. Сондықтан Ажар бір топ қызбен жыныстық қатынас туралы сабақтар өтіп, әңгімелесе бастайды. Сондай әңгіме барысында Сәулені бақылап отырған мұғалім өз күдігінің растығына көзі жете түседі.
Қызды жеке әңгімеге шақыратын кез жеткенін түсініп, одан бар жайды ашып айтуды өтінеді. Сол кезде жылап жіберген оқушы қыз өзін бір ер адамның зорлағанын айтады. Онда да бір рет емес, бірнеше мәрте жыныстық зорлық жасаған екен! Ол қызды қорқытып, ұрып-соғып, «егер біреуге айтсаң, масқараңды шығарып, бүкіл отбасыңды өлтіремін» деп қорқытқан.
Өркениетті елдерде мұндай жағдайда мұғалім дереу полиция шақырар еді. Әрқайсысы бір-бірін жақсы білетін, небәрі 4 мың ғана адам тұратын ауылда тұрғындар өз үйлерінде не болып жатқанын көпшіліктен жасыруға тырысатынын, алайда талай жаға ұстатар жайттардың болуы мүмкін екенін қаперге алған Ажар бұдан ары қалай әрекет ету керек екенін түсінеді. Ол қызды және оның ата-анасын көндіріп, зорлықшыны сотқа беруге дайындалды. Сол уақыттары мұғалім тағы бір жасөспірім қыздың сол педофилдің құрбаны болғанын анықтайды! Осылайша, педофил қолынан екі қыздың зардап шеккені белгілі болады.
Ұзақ уақытқа созылған сот барысы қанша қиын болса да, нәтижесінде қылмыскер 16 жылға сотталады. Өкінішке қарай, еліміздегі зорлауға қатысты қылмыстарға берілетін жазаның ең ұзақ мерзімі осы ғана. Бәлкім, ол зорлықшыдан зардап шеккендер саны тіптен көп болған да шығар, алайда ол жағы белгісіз болып қалған.
Қыздар бүгінде Матайдан кетіп, колледжде оқып жатыр. Олар бәрін ұмытып, өзгелер секілді толыққанды өмір сүруге тырысып жүрген де шығар.
Ал мектеп психологы әрі мұғалімі Ажар өзінің ауылдық мектебінде жұмысын істеп жатыр. Ол балаларға жіті қарап, қырағылық танытудан әсте шаршаған емес.
Жанна Ахметова шенеуніктерден мектеп психологының осы ерен еңбегін елеп, марапаттауын сұрайды.
«Оны марапаттап, еңбегін барша жұртқа паш ету керек, еліміздегі барлық мұғалімдерге баланың басындағы қиындықты көзінен оқып-ақ түсінуді үйрету керек! Ажар ешкімнен ештеңе сұрамай-ақ, жұмысын адал атқарып, жүріп жатыр. Асхат Аймағамбетов мырза, сізден осы мұалімге айрықша назар аударуыңызды өтінемін. Мұрат Жалелұлы, сіздер осы мұғалімге алғыс айтуларыңыз керек. Амандық Ғаббасұлы, сіз де оны Жаңа жылымен құттықтап, лайықты сыйлық берсеңіз екен! Сізге көп рахмет, Ажар Болатбекқызы!», - деп жазады Ахметова.