Журналистердің шымкенттік ауруханадан ақша бопсалағаны рас па?

Автор: Azattyq Rýhy

Шымкентте жұқпалы аурулар ауруханасының қызметкерлері «Журналистер ақша бопсалап жатыр» деп полицияға арыз түсірді

Журналистер ме, әлде алаяқтар ма? Шымкентте жұқпалы аурулар ауруханасы «Журналистер ақша бопсалап жатыр» деп полицияға арыз түсірді. Нұр-Сұлтан қаласындағы «Территория правды» деп аталатын ақпарат агенттігінен келдік» деген бір топ аурухананың қоқыс төгетін орнынан зиянды заттар тапқан болып, оны жарияламас үшін 600 мың теңге сұраған. Бірақ дәрігерлер ол препараттарды журналиспіз дегендердің өздері қоқысқа тастағанына сенімді, деп хабарлайды КТК арнасы.

Ал өздерін «Территория правды» ақпарат агенттігіненбіз» деп таныстырған топ ауруханадан шыққан заттар қалай болса солай төгіліп, қан мен зиянды қалдық араласып, қоқыстың бетіне шығып жатыр дейді. Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы келдік деп тіпті, елордалық ақпарат агенттігінің «бас редакторымын» деп құжат көрсеткен Жанар Нұрымбетова жанындағы әріптестерімен бірнеше сағат бойы осы қалдықтарды түсірген.

Алайда бас редактор мен оның жанындағылар камераға ашық сұхбат беруге құлық танытпады. Ал жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлері ақпарат агенттігі көрсеткен қоқыс жәшіктеріндегі ампулалар мен медициналық саймандар жұқпалы аурулар ауруханасына «тиесілі емес» дейді.

 «Мына жерде байқап тұрсаңыздар, қоқыс пакеттерінің бәрінің беті ашулы жатыр және бұл жерге тасталған вакутайнер біздің ауруханамызда пайдаланылмайды», - дейді дәрігер-эпидемиолог Әсел Қоңыратбаев.

 Аурухана ғимаратында бірнеше бейнекамера қойылған. Дәрігерлер  камераға түскен бейнежазбаны көрсетті. Яғни, таңғы 10-нан асқан уақытта бетін бүркеген екі азамат қоқыс жәшіктеріне келіп, ішін ақтара бастайды. Артынша дәл осы жігіттер мен нұрсұлтандық ақпарат агенттігінің өкілдері тілшілер ретінде аурухана басшылығына келген.

 «Ақпараттық агенттігіненбіз деп айтты. Содан кейін «Біз қазір осы жазғанымызды басқа жаққа жібермесін десеңіздер, бізге 600 мың теңге бересіздер» деп ақша талап етті. Оны бізге калькуляторға 600 деп жазып көрсетті. «600 деген не?» деген кезде «артына үш нөл қоясыздар» деді, 600 мың деп көрсетті», - деді Шымкент қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы бас дәрігерінің орынбасары Әлібек Оразбаев.

«Территория правды» ақпарат агенттігі әзірге тек Фэйсбук және Инстаграм желілерінде ғана бар. Бас редакторы Жанар Нұрымбетованың парақшасындағы дерек бойынша 41 жастағы келіншек «Территория правдыдан» бөлек, «Астарлы ақиқат» деп аталатын ақпарат агенттігінде де бас редактор қызметінде екен. Кездесуге мүмкіндігі жоқ екенін айтқан ол бопсалағаны туралы дәрігерлерде «ешқандай дәлел жоқ» деп отыр.

«Олар айтқандай, бопсалау, қоқан-лоққы көрсету деген нәрсе болған жоқ. Олар ешқандай дәлел ұсына алмайды. Біз өз абыройымызға жұмыс істейміз. Ал олар болса бізге күйе жағып отыр. Тіпті, өте ыңғайсыз жағдай, не айтарымды білмеймін», - деді «Территория правды» және «Астарлы ақиқат» ақпарат агенттігінің бас редакторы Жанар Тұрбалақызы.

Өзіне және жанындағы серіктеріне күйе жақты деген Жанар Тұрбалақызы енді жұқпалы аурулар ауруханасының дәрігерлеріне қатысты қарсы арыз түсірмек. Ал соңғы уақытта камера көтеріп, ақша бопсалайтын тілшілер көбейгенін айтқан ақ халаттылар полиция мен прокуратураға арызданып, соңына дейін айқаспақ.