Қаладағы саябақтардың бірінде жалғыз жүрген бүлдіршінді учаске инспекторы байқап қалған
Атырау қаласы ПБ Жергілікті полиция қызметі бөлімі ювеналды полиция бөлімшесінің кәмелетке толмағандар істері жөніндегі учаскелік полиция испекторы полиция аға лейтенанты Максим Доскалиев күндізгі қоғамдық тәртіпті қадағалау кезінде қала ішіндегі саябақтардың бірінде жас шамасы 3-4 жастағы кішкентай баланың жалғыз жүргенін байқайды.
«Кішкентай сәбидің бір өзі жүргеніне алаңдаған полиция инспекторы қасына барып, айналадан баланың анасын, ересектерді іздеп, өтіп бара жатқан адамдардан сұрастырады. Танитындар болмай шықты. Максим балақайды полиция бөліміне алып келеді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.
Арада шамамен бір сағат өткеннен кейін полиция бөліміне 4 жастағы Мейрамбектің анасы да арызданған. Көп ұзамай Мейрамбек анасына аман-есен табысталды.
«Баламды тауып берген учаскелік инспекторға алғысым шексіз. Балам байқаусызда үйден өз бетімен шығып, бағытынан адасып кеткенін ешкім байқамаған. Полиция қызметкері баламды дереу байқап менен бұрын қауіпсіз жерде ұстап, тауып бергеніне үлкен алғыс айтамын» -, дейді анасы.