ШҚО-да есірткіні көлік доңғалағына жасырып тасыған азамат ұсталды
Көліктен 19,5 келі есірткі заты тәркіленді

Облыстық полиция өкілдері Жарма ауданы Қалбатау кентінің маңында «Алматы-Өскемен» автожолында «Volvo-580» маркалы автокөлікті ұстады. Аталған автокөлік салонында Жамбыл облысының 39 жастағы тұрғыны мен автокөлік жүргізушісі болған.
«Жеңіл автокөлікті тінту барысында автокөлік ішінен екі автомашинаның қосалқы доңғалағы табылды, олардың ішіне скотч лентасымен оралған, «кептірілген марихуана» есірткі заты салынған 19 түйіршіктелген бума табылды», - деді ШҚО ПД бастығының орынбасары Талғат Шаяхметов.
Тергеу барысында күдікті танысына мән-жайды айтпай, оның автокөлігімен Өскемен қаласына дейін қосалқы доңғалақтарды жеткізіп беруді өтінгені анықталды. Бұған дейін аталған ер адам полиция қызметкерлерінің назарына ілікпеген. Жедел уәкілдер күдіктінің Жамбыл облысынан есірткі жеткізу арнасын ұйымдастыруға тырысқанын анықтады. Қазір тәртіп сақшылары есірткі арнасына қатысы бар адамдардың жеке басын анықтап жатыр.
ШҚО бойынша сот сараптамасы институтының қорытындысына сәйкес, тәркіленген есірткінің жалпы салмағы шамамен 19,5 келіні құрады.
Күдікті қамауға алынды, Қылмыстық кодекстің 297-бабы 3-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Аталған қылмыс үшін мүлкін тәркілей отырып, 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.