ШұғылҚазақстанда өткен тәулікте 2656 адамнан коронавирус инфекциясы анықталды

Теміртауда 3 көлік ұрлаған күдікті ұсталды

Қазір тергеу амалдары жүргізіліп жатыр

Фото: ашық дереккөзден

Теміртауда полицейлер үш бірдей автокөлікті қолды қылған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.

27 ақпан күні Теміртау қалалық Полиция басқармасының Шығыс полиция бөліміне 24 жастағы қала тұрғыны шағымданған.

«Жәбірленуші өзінің автокөлігін жұмыс орнындағы тұрақта қалдырған. Алайда жұмыс ауысымы біткенде оны қойған жерінен таба алмаған. Оған келтірілген шығын көлемі 980 мың теңгені құрады. Аталған факт бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес қылмыстық іс қозғалып, ұрланған көлікке іздеу жарияланды», - делінген хабарламада.

8 наурыз күні криминалдық полиция қызметкерлері жүргізген жедел-іздестіру іс-шаралары барысында осы іске қатысы бар деген күдікпен 25 жастағы азамат ұсталды.

«Күдікті қылмысын толық мойындады. Одан автокөлік тәркіленіп алынып, иесіне қайтарылды. Полиция қызметкерлері ұсталған азаматтың осыған ұқсас тағы да екі қылмысқа қатысы бар екенін анықтады. Қазір тергеу амалдары жүргізілуде», - деп нақтыланған.