Жолдың қарсы бетімен жүрген жүргізушіні жібере салған полицейдің үстінен тексеру жүргізілуде
Түркістан облысында жол қозғалысы ережесін өрескел бұзған «Лада Приора» жүргізушісіне қатысты жарияланған бейнежазба бойынша ТО ПД Өзіндік қауіпсіздік басқармасымен тексеру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тексеру барысында анықталғаны, оқиға 2021 жылдың 7 наурызынан 8 наурызына қараған түні Түркістан облысы Отырар ауданы жолдарының бірінде болған.
Жол ережесін өрескел бұзған жүргізушіні Отырар АПБ-ның полиция қызметкері байқап, бірден тоқтатқан. Алайда жүргізуші полиция қызметкерінің заңды талаптарына бағынбай, «Жұмабек» есіміне сүйеніп, оқиға орнынан одан әрі қарай қашып кеткен.
Полиция қызметкері осы жайтта табандылық танытып, соңынан қуып жетіп, жол ережесін өрескел бұзған «Лада Приора» автокөлігінің жүргізушісіне ҚР ӘҚБтК-нің екі бірдей бабымен: ҚР ӘҚБтК-нің 596-бабының 3-бөлігі "көлік құралын жолдың жүру бөлігінде орналастыру, қарсы жүріп өту немесе басып озу қағидаларын бұзу" және ҚР ӘҚБтК-нің 613-бабының 1-бөлігі «Ішкі істер (полиция) органдары қызметкерінің талаптарын орындамау, алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйін куәландырудан өтуден жалтару» бойынша әкімшілік құқық бұзушылық туралы хаттама толтырған. Ал «Лада Приора» автокөлігі айыппұл тұрағына орналастырылған.
Жүргізушіні медициналық куәләндырудан өткізген. Өз кезегінде, жүргізушінің ішімдік ішпегені белгілі болды. Жиналған материалдар заңды шешім қабылдау үшін Отырар аудандық сотына жолданды.
«Сонымен қатар түсіндіріп өтеміз, Отырар аудандық полиция бөлімінде Жұмабек Төлеген есімді полиция майоры жұмыс істейді. Ол Отырар АПБ Әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымында, оның қарамағына екі қызметкер кіреді. Бүгінде полиция қызметкеріне қатысты Түркістан облысы Полиция департаменті ӨҚБ-мен тиісті тексеру жұмыстары жүргізілуде», - делінген ПД хабарламасында.
Айта кетсек, Түркістан облысында түсірілген видео әлеуметтік желі қолданушылары арасында кеңінен талқыға түскен еді. Видео Lada Priora көлігінде түсірілген. Көлік салонында отырғандар жолдың қарсы бағытымен жүре алатынын айтып, мақтанған болатын.