Компанияға келтірілген шығын көлемі - 122 миллион теңге
Ақмола облысындағы «Қазақалтын» компаниясына тиесілі 122 миллион теңгенің алтыны ұрланды, деп хабарлады облыстық полиция департаменті.
Облыстық ПД баспасөз қызметінің хабарлауынша, 2 наурызға қараған түні «Қазақалтын» тау-кен комбинатында катодтық алтын ұрланған. Ұрлық салдарынан компания ірі көлемде шығынға батты.
Қазір осы оқиғаға қатысты Қылмыстық кодекстің 188-бабы, 4-бөлігі (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу шаралары жүріп жатыр.
Ұрлыққа қатысы бар адамдарды анықтау мақсатында арнайы шұғыл тергеу тобы құрылып, оның құрамына криминалды полиция мен тергеудің тәжірибелі мамандары енді.