Зардап шеккендер жоқ
Түркістан облысының тәртіп сақшылары көкпар кезінде оқ атқаны үшін 4 ер адамды қамауға алды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Оқиға Түркістан облысының Қазығұрт ауданында болған. Жергілікті полиция қызметкерлері бұл оқиға бойынша Қылмыстық кодекстің 293-бабы (Бұзақылық) және 287-бап (Қаруды, оқ-дәрілерді, жарылғыш заттар мен жарылғыш құрылғыларды заңсыз сатып алу, беру, өткізу, сақтау, тасымалдау немесе алып жүру) бойынша іс қозғады.
«Қазығұрт АПБ-ның кезекші бөліміне учаскелік инспекторлардан бос жайылымдардың бірінде болған кезекті көкпарды тоқтату кезінде белгісіз тұлғалардың тарапынан қару қолдану арқылы бұзақылық болғаны жайлы хабарлама келіп түсті.
Жедел жүргізілген арнайы операция нәтижесінде Түркістан облысы ПД криминалдық полиция басқармасының қызметкерлері Түркістан облысы ҰҚКД және ҚР Ұлттық ұланының «Бүркіт» арнайы жасағымен бірлесіп, Қазығұрт кенті көшелерінің бірінде «ВАЗ» маркалы автокөлікті тоқтатып, 4 күдіктіні ұстады. Ұсталған Қазығұрт ауданының 4 жас тұрғыны полиция бөліміне жеткізілді», - делінген Түркістан облысы ПД-ның баспасөз қызметі берген ақпаратта.
Күдіктілерді тінту кезінде 16 калибрлі шолақ мылтық пен оқ-дәрілер тәркіленді. Жедел уәкілдер күдіктілердің үйін одан әрі тінту кезінде қосымша 16 калибрлі аңшы мылтығы мен екі травматикалық тапанша тапты.
Сондай-ақ, көкпар ұйымдастырушыларға қатысты Әкімшілік кодекстің 425-бабы бойынша шара қолданып, сотқа жолданды.
Қазір ұсталғандар қамауда, зардап шеккендер жоқ.