Жәбірленуші қаладағы емдеу мекемелерінің біріне жатқызылды
Петропавл полицейлері жол-көлік оқиғасы орнынан жасырынған жүргізушіні іздеп тапты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Петропавлда әлеуметтік желілерде жүкті әйел зардап шеккен жол-көлік оқиғасы туралы хабарлама тарап кеткен. Белгілі болғанда, 8 ақпан күні қаладағы Н. Назарбаев көшесіндегі №154 үйге қарсы «Mitsubishi Delica» автокөлігінің жүргізушісі рөлде әйел адам отырған «Hyundai Solaris» көлігіне соғылып, оқиға орнынан қашып кеткен.
Жәбірленуші Петропавл қаласындағы емдеу мекемелерінің біріне жүгініп, емделуге жатқызылған.
СҚО ПД Жергілікті полиция қызметі басқармасының іздеу тобының қызметкерлері жол-көлік оқиғасын жасаған және оқиға орнынан кетіп қалған Қызылжар ауданының 26 жастағы тұрғынын анықтады. 5 ақпанда ол автокөлігін сату үшін Алматы қаласының тұрғынымен келісіп қойғаны белгілі болды. Көліктің болашақ иесі автокөлікті оңтүстік астанаға жеткізуге дайын болғанымен, полицейлер оны арнайы тұраққа қойды.
Құқық бұзушыға қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 611-бабы 2-бөлігі «Жүргізушінің жол-көлік оқиғасына байланысты міндеттерді орындамауы» бойынша материал жиналды.
«Жыл басынан бері облыста жол апатынан адамдардың денсаулығына зиян келтіріп, оқиға орнында тастап кетудің 4 жағдайы тіркелді. Олардың үшеуі анықталды, қазіргі уақытта тағы біреуі іздестірілуде. Барлық жол қозғалысына қатысушыларға жол апаты кезінде зардап шегушіге медициналық көмек көрсеткенде ғана оқиға орнынан кетуге болатынын ескертеміз. Өйтпегенде бұл заң талаптарын өрескел бұзу болып саналады, ондай әрекет үшін 50 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынады. Жол-көлік оқиғасы кезінде жүргізуші көлік құралын тоқтатуға (орнынан қозғамай), апаттық сигналын қосуға, апаттық тоқтау белгісін қоюға міндетті. Зардап шегушіге дәрігерге дейінгі көмек көрсету үшін қажетті шараларды жасауы, «жедел жәрдем» шақыруы қажет, шұғыл жағдайда зардап шегушілерді жол-жөнекей көлікпен не өз көлігімен жақын маңдағы емдеу мекемесіне жеткізуі, өзі туралы мәліметтер қалдырып, оқиға орнына қайта баруы тиіс. Болған жағдай туралы кешіктірмей полицияға хабарлауы керек. Егер жүру бөлігін босату қажет болған жағдайда, куәгерлердің көзінше өз көлігінің тұрған қалпын, оқиғаға қатысты іздер мен заттарды алдын ала тіркеп, дәлел-дәйектердің сақталуын барынша қамтамасыз етуі қажет», - деді СҚО ПД ЖПҚБ іздестіру тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Азамат Келдіғұлов.