Бірнеше секунд ішінде ит балақайдың қолын тістеп алды
Шығыс Қазақстан облысы Бесқарағай ауданында қаңғыбас ит төрт жасар балаға тап берген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі ШҚО Полиция департаменті баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Бесқарағай аудандық полиция бөлімінің сақшысы Айдар Қабиденов көпқабатты үйдің ауласынан өтіп бара жатқанда ойнап жүрген балаларды байқады. Кенет балалардың біріне қаңғыбас ит тап берді. Полиция қызметкері бірден көмекке ұмтылған. Алайда бірнеше секунд ішінде ит балақайдың қолын тістеп алды», - деп жазылған хабарламада.
Иттің назарын өзіне аударған тәртіп сақшысы лезде баланы көтеріп алған. Содан кейін оны Бесқарағай аудандық орталық ауруханасына жеткізді. Дәрігерлер балақайға медициналық көмек көрсетті. Қазір оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Ал баланың анасы болса полиция капитанына алғыс айтты.