Атырау облысында әйел жаңа туған сәбиін қоқыс контейнеріне тастап кеткен

Автор: Azattyq Rýhy

Оның көпбалалы ана екені анықталды

Оқиға 24 қаңтар күні Атырау облысының Сағыз ауылында болған деп хабарлайды Azh.kz. 35 жастағы әйел босанған бойда шақалақты үй маңындағы қоқыс контейнеріне тастап өлтірген.

Қансыраған әйел жедел жәрдем шақырыпты. Оның жақында босанғанын түсіненген дәрігер үйде сәбидің жоқ екеніне көз жеткізіп, дереу полицияға хабар берген. Оқиға орнына жеткен тәртіп сақшылары шақалақты қоқыстан тапты. Өкінішке қарай, бала өлі болған.

Күдікті әйел көпбалалы ана болған. Оның төрт баласы бар. Бесіншісінің жүктілігін дәрігерлерден жасырыпты. Осыдан бес күн бұрын өз үйіндегі дәретханада босанған.

Дәрігерлер анықтағандай, дүниеге келген сәби тірі болған және денсаулығында кінәрат болмаған.

Қазіргі таңда аталған жайт бойынша қылмыстық іс қозғалып, сотқа дейінгі тергеу амалдары жүріп жатыр.