Атырауда алаяқ әйел жетпіске жуық тұрғыннан 185 млн теңге жинап алған

Автор: Azattyq Rýhy

Арзан бағаға элиталық үй алмақ болған атыраулықтар сан соғып қалды

Арзан бағаға элиталық үй аламыз деп, қомақты қаражатты санап берген атыраулықтар бүгін прокуратураға келді. Айтуларынша, сенімге кірген келіншек 185 млн теңгені қалтасына басқан. Ақшаларын қайтара алмай жүргендердің арасында несие төлеп отырғандары да бар. Полицияға арыз түсіргелі де 9 айдан асқан. Бірақ іс созбалаңға түсті дейді ашулы бұқара. Бұл туралы «Астана» телеарнасы хабарлайды.

Атыраулық Гүлнәр Қуанышева 3 жастағы баласымен, тума-туысын жағалап жүр. Ол 2019 жылы «Нұрсая» мөлтекауданында орналасқан 3 бөлмелі пәтерін сатып, 12 млн теңгесін алаяқтың қалтасына салып берген.  Сенімге кірген келіншек элиталық үйлерден бір емес, екі пәтер алып беремін деп уәде етіпті.

«Мені алдап-арбап, 12 млн теңге ақшамды алып алды, «әне беремін, міне беремін, арыз жазба, ақшаңды қайтарамын» деп жүріп, содан әлі жоқ. Ақша да, ештеңе де жоқ. «Айбарша ақшаны берсеңші» деп өз ақшамызды сұрасақ, «Миялаулай бермеңдерді. Ақша жоқ, өз күндеріңді өздерің көріңдер» дейді. 3 жастағы қызыммен қалай күн көремін енді?», - дейді Атырау қаласының тұрғыны Гүлнәр Қуанышева.

Ал Есен Қадиев алаяққа несие алып берген. Қазір банк алдындағы қарызын өтеп жүр. Одан бөлек, қарызданған қаражаттарын да қайтаруға мәжбүр.  

«Ол бізге 2 бөлмелі пәтер көрсетті.  Жаңа үйден. 8 жарым млн-ға алып беремін деген. Сонымен күнде ертеңмен шаруа бітпей тұр. Өзім 8 жарым млн теңге салдым. Бір жерден 5 млн, бір жерден 4 жарым млн ақша алдым. Кредит алып салдым. Қазір біреуіне 178 мың, екіншісіне 86 мың теңгеден төлеп отырмын. 200 мыңның үстінде қарыз төлеп отырмын», - дейді атыраулық тағы бір тұрғын Есен Қадиев.

Элиталы баспананы арзанға аламыз деп алданғандардың барлығы қазір 20-дан асқан. Араларында 20 млн теңгеге дейін қаржы салғандары да бар. Көпшілігі қолма-қол апарып берген. Ақша бергенін растайтын қолхаттарын арқалап, бүгін құзыр органға келді. Прокурорлардың дерегінше, былтыр мамыр айында іс қозғалыпты. Тергеу ұзаққа созылғанын айтты. Енді бір айдың көлімінде сотқа жолдамақ.

«Алаяқтық фактісі бойынша 6 эпизодпен қылмыстық іс қозғалып, өзінің ретімен сотқа жолданған. Бүгінгі күні сот ҚПК 323-бабымен кері қайтарылды. Сотта күдікті өзінен басқа, қосымша адамдардың қылмыстық іске қатысы барын айтып, сол фактілерді қайта тексеру жүргізу арқылы анықтау үшін  қазір кері жолданды», - деді Атырау қаласының прокуроры Аршат Тайтуллин.

Қаражаттарынан айрылып қалғандар санап берген ақшаларын келіншектің кері қайтарып беретінінен үмітті. Бүгін оған тағы да телефон шалып көрді.  

Сан соққандар миллиондарын қайтара ала ма, жоқ па, енді ол соттың құзырында. Дегенмен, соңғы уақытта адамдардың сеніміне кіріп, сон соқтыратын алаяқтардан аяқ алып жүру мүмкін болмай тұр. Полиция бір айдың ішінде 70 адамнан арыз түскенін хабарлайды.