Шымкентте жоғалып кеткен мектеп оқушысы табылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жасөспірім қыз үйден мектепке шығып кетіп, қайта оралмаған болатын

Фото: ашық дереккөзден

Шымкенттік полицейлер жоғалған мектеп оқушысын іздеп тапты, деп хабарлайды  Azattyq Rýhy қалалық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

26 қаңтар күні сағат 19:00-де Шымкент қаласы Бозарық елдімекені Дирмен көшесінің тұрғыны Қаратау ауданы Полиция басқармасына келіп, жасөспірім қызының жоғалғаны туралы арызданған.

Анасының айтуынша, қызы таңғы сағат 08:30 шамасында үйден мектепке шығып кетіп, қайта оралмаған. Арыз бойынша аталған мекенжайға басқарманың жедел-тергеу тобы шығып, іздеу шараларын бастаған.

Сонымен қатар хабар-ошарсыз кеткен баланың іздеу шарларына қосымша Қаратау ауданы Полиция басқармасына қарасты №59 учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары, криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері, Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері жұмылдырылған.

«Жедел іздестіру іс-шарасының нәтижесінде мектеп оқушысы Шымкент қаласы Ғ.Иляев көшесінің бойында орналасқан «Динамо» стадионы аумағынан аман-есен табылды. Қыздары үшін қатты алаңдаған ата-анасы полицейлердің нәтижелі жұмысына алғысын білдірді», - делінген ПД хабарламасында.