Рудныйда бүлдіршін екінші қабаттың терезесінен құлап кетті
Оқиға кеше, 26 қаңтарда болған
Қостанай облысында 2019 жылы туған бүлдіршін екі қабатты көппәтерлі тұрғын үйдің екінші қабатының терезесінен құлап, тірі қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Төтенше жағдайлар департаментіне сілтеме жасап.
Оқиға 26 қаңтарда сағат 16:35-те Рудный қаласы Тобольская көшесінде болған.
Оқиға болған кезде пәтерде баланың 20 жастағы әпкесі болған, ол қонақ бөлмесін тазалап жүрген. Бұл уақытта сәби ас үйде үлкендердің қарауынсыз қалып, терезенің жанында ойнап жүріп, сыртқа құлап кеткені анықталды.
Терезеден құлаған кезде бала үйілген қардың үстіне түскен. Бұл жағдай шын мәнінде сәбидің өмірін аман алып қалды.
Кішкентай қыз бірден Рудный көпсалалы ауруханасына жеткізілді. Тексеруден кейін балалар бөлімінің дәрігерлері оның өміріне еш қауіп төніп тұрмағанын және ауруханаға жатқызудың қажеті жоқ деген қорытындыға келді. Қазіргі уақытта бала үйде ата-анасының қарауында қалып отыр.