Петпропавлда көпбалалы отбасы далада қалды

Автор: Azattyq Rýhy

Олар осы күнде жазғы шай ішетін үйшікте күнелтіп отыр

Фото: ашық дереккөзден

Петропавлда жалдамалы үйі өртеніп кеткен отбасы бес баламен бірге далада қалды. Дүйсембиндер әулеті осы күнде жазғы шай ішетін үйшікте күнелтіп отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Астана» телеарнасына сілтеме жасап.

Балаларына жарқын болашақ беру үшін  Дүйсембиндер әулеті Мамлют ауданынан Петропавлға 2017 жылы қоныс аударған. Бірден жер үйді жалдап, өз баспаналарына қаражат жинай бастапты. Алайда, араға үш жыл салып бүкіл армандары су сепкендей басылды. Себебі, жиып-терген барлық қаржысы жалдап тұрған үймен бірге өртеніп кеткен. 

Қазір ерлі-зайыптылар бес баламен бірге көршілері ұсынған жазғы үйде тұрып жатыр. Тап-тар бөлмені жылыту үшін отағасы пешті күніне 4-5 рет жағады екен. Дүйсембиндердің мәселесі әлеуметтік желіде жария етілді. Артынша бұқара аз да болса қол ұшын созып, отбасын киім-кешек, азық-түлік және отынмен қамтыған. Қазір тек баспана мәселесі ғана өткір тұр. 

Отанасы жергілікті биліктен көмек сұрап, желтоқсанның 24 күні қала әкімінің атына хат жазған. Алайда, шенеуніктер бір айдан бері үнсіз отыр. Ал бізге: «әкімдіктің меншігінде бос пәтер жоқ», деп жауап қатты. 

«Қазіргі кезде қала бойынша уақытша баспана жоқ. Егер де босап жатқан жағдайда, комиссияның шешімімен бұл кісіге пәтер беру қажет деп шешілсе, онда пәтер берілетін болады. Ол кісі 2019 жылдың сәуір айынан бастап пәтер кезегінде тұр. Пәтерді ол тек кезек бойынша ала алады. Қазір оның кезегі - 112», - деді Петропавл қаласының әкімді ТҮКШ бөлімінің баспасөз хатшысы Әсем Айтулова.