Спорт кешенінің жаттықтырушысы бассейнде қимылсыз жатқан қызды көрген
Елордалық спорт кешендерінің бірінің бассейнінен бойжеткеннің мәйіті табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі қалалық полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
«Тәртіп сақшыларының деректеріне сүйенсек, 16 қаңтар сағат 10.18-де полицияның кезекші бөліміне астанадағы спорт кешенінің бассейнінен қыздың мәйіті табылды деген хабарлама келіп түскен. Спорт кешенінің жаттықтырушысы бассейнде қимылсыз жатқан қызды көрген. Оны судан шығарып, жасанды тыныс алу, жүрегіне массаж жасай бастаған. Жедел жәрдем қызметі келгеннен кейін 21 жастағы қыздың қайтыс болғанын констатациялады», - делінген ПД хабарламасында.
Оқиға кезінде бассейнде тағы төрт адам болған. Қайтыс болған бойжеткеннің бассейнге бірреттік абонентпен барғаны да анықталды. ПД осы оқиғаға қатысты тексеріс жүргізіп жатыр.