Бейсенбі күні таңғы жетіде болған жарылыстан 5 гараж жанып кетті
Ақтөбеде көпқабатты тұрғын үй қасындағы гаражда жарылыс болып, бір адам зардап шекті, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Алдын ала болжамға қарағанда, гаражда тұрған көліктің біріне орнтылған газ баллоны жарылған. От көрші гараждарға өршіп, тағы бір көлікті от шалған. Бейсенбі күні таңғы жетіде болған жарылыстан 5 гараж жанып кетті.
Дәрігерлердің айтуынша, 49 жастағы азаматтың денесі 25 пайызға күйіп қалған. Қазір ол жедел жәрдем ауруханасының жансақтау бөлімінде ем қабылдап жатыр.
«Оқыс оқиғадан көршіміз зардап шекті. Ол келіп гаражын ашқанда тарс еткен жарылыс болған. Басқа ештеңе есінде жоқ», - дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Николай Никель.
Қазір өрттің шығу себебі мен салдары анықталып жатыр. Белгілісі, жарылған көлік сұйық отынмен жүрген. Ол толықтай жанып кетті.
«Алдын ала болжам бойынша газбен жүретін болғандықтан, көлікті оталдыру кезінде өрт шыққан болуы мүмкін. Алдын ала себеп осы. Көлік өрт кезінде толығымен жанып кетті», - деді Ақтөбе облыстық ТЖД өрт сөндіру қызметінің баспасөз хатшысы Бекет Айсұлтан.