ШұғылCOVID-19: Қазақстанда өткен тәулікте 800-ге жуық адамнан вирус анықталды

Петропавлда есірткі курьері 8 жылға бас бостандығынан айырылды

Айыпталушының үйінен 100 грамм есірткі табылды

Солтүстік Қазақстан облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты Петропавл қаласының көшелерінде есірткі жасырумен айналысқаны үшін Көкшетау қаласының 28 жастағы тұрғынын сегіз жылға бас бостандығынан айырды.

Есірткі саудагері Петропавлға астанадан келген. Мессенджердегі жетекшісінің тапсырмаларын орындау үшін Парковая, Жамбыл, Чайковский және тағы да басқа көшелерде 20-дан астам орында синтетикалық есірткі жасырған. Қылмыскер мақсатын жүзеге асыру барысында жедел уәкілдердің қолына түсіп қалған. Белігі болғандай, 22 нүктеде химиялық есірткі жасырып үлгеріпті.

Оның жалға алған пәтерін тінту кезінде буып-түю материалдары, қасық, таразы, сондай-ақ қызыл түсті кристалл тектес зат тәркіленді. Алынған есірткінің жалпы салмағы 100 грамм.

«Өткен жылы есірткіге қарсы күрес желісі бойынша 195 құқықбұзушылық анықталды. СҚО аумағында телеграм желісі арқылы есірткі таратқан 6 интернет-дүкеннің жолы кесілді. Заңсыз айналымнан 462 келіден астам түрлі есірткі заттары, оның ішінде 1,5 келіден астамы синтетикалық есірткі заттар. Тұрғындардан интернет кеңістігінде тұз, спайс және шегуге арналған қоспаларды тарату-жеткізу туралы хабарландыру көргенде бейжайлық танытпауды сұраймыз», - дейді СҚО ПД бастығының орынбасары Руслан Назаров.

Мамандардың айтуынша, синтетикалық есірткі адам ағзасын бүлдіргеннен бөлек тәуелділікке де алып барады.  

«Танымал әлеуметтік желілерде Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының ресми парақшалары жұмыс істейді. Сондай-ақ, есірткімен байланысты қылмыстар мен құқықбұзушылыққа қатысты ақпаратты хабарлауға арналған 39-41-93 сенім телефоны бар. Күдікті жайт болса хабарласуды өтінеміз», -  деді СҚО Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Нұрбек Баекин.

Эльмира Мәмбетқызы, СҚО