Өскеменде трамвай қағып кеткен 62 жастағы ер адам мерт болды

Автор: Azattyq Rýhy

Ауыр дене жарақатын алған ер адам оқиға орнында көз жұмған

30 желтоқсан күні сағат 15:30 шамасында Өскемен қаласының Абай даңғылы бойында трамвай қағып кеткен жаяу жүргінші мерт болды. Бұл туралы ШҚО Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Алдын ала мәлімет бойынша қала тұрғыны рұқсат етілмеген жерде жолдан өтіп бара жатқан. Сол кезде оны трамвай қағып кеткен.

Ведомство хабарлағандай, ауыр дене жарақатын алған ер адам оқиға орнында көз жұмған.

«Марқұм болған ер адамның жеке тұлғасы анықталды, ол Өскемен қаласының 62 жастағы тұрғыны», - деді ШҚО ПД бастығы Сағат Мадиев.

Қазіргі уақытта оқиға орнында полиция қызметкерлері жұмыс істеп жатыр.