ШҚО-да жолда қалған жолаушылар құтқарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Құтқарушылар сынған көлік ішіндегі 14 жолаушы мен 2 жүргізушіге көмек көрсетті 

 

2020 жылғы 27 желтоқсанда түн ортасында ШҚО ТЖД құтқарушылары Алматы – Өскемен тасжолының 805 шақырымында (Аягөз қаласынан 30 шақырым жерде) қалып қойған жолаушыларға көмекке келді. Бұл туралы ШҚО Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.

Рейстік «Газель» көлігі сынып қалып, ішіндегі 14 адам бірден «112» қызметіне көмекке жүгінген екен. Оқиға орнына келіп жеткен 22-ӨСБ қызметкерлері сынған көліктегі адамдарды, сондай ақ сол жердегі «КамАЗ» көлігіндегі 2 жүргізушіні алып кетті. Барлық адамдар Аягөзге жеткізіліп, осындағы орта мектептің біріне орналастырылды. Газель көлігі жолаушы көлікпен Аягөз қаласына сүйреп әкелінді.

ШҚО құтқарушылары елдімекеннен тыс алыс жолға шығар алдында мына ережелерді ескеруге шақырады:

- «Дармен» қосымшасы арқылы жолдардың жағдайын біліңіз;

- Баратын жеріңіз және оралатын уақытты туыстарыңызға айтыңыз;

-Көліктің техникалық жағдайын тексеріңіз;

- Көлікке қолшам, дәрі қобдишасын, жылы киім алып, аккумуляторды қуаттаңыз.

Дауылдық ескертуге сәйкес жақын күндері өңірде қатты аяз күтіледі. Абай болып, құтқарушылардың кеңестеріне құлақ түріңіз. Құтқарушылардың көмегі қажет болса 112 нөміріне хабарласыңыз.