Биыл БҚО-да тіркелген параның ең көп мөлшері – 7 млн 800 мың теңге

Автор: Azattyq Rýhy

Өңірде жемқорлық деректері 732 миллион теңге шығын келтірген

Фото: ашық дереккөзден

Батыс Қазақстан облысында биыл сыбайлас жемқорлық дерегі бойынша тіркелген параның ең көп мөлшері – 7 миллион 800 мың теңге, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап. 

Дәл осы соманы қалтаға басуды мақсат тұтқан облыстық денсаулық сақтау басқармасының бұрынғы басшысы қазір тергеліп жатыр. Құзырлы орган өкілдері қандай да бір ақпарат беруден бас тартты. Қазына қаржысын жымқыру бойынша былтырғы көлем бұдан 4 есе аз. Биыл өңірде сыбайлас жемқорлық деректері бойынша қазынаға 732 миллион теңге көлемінде шығын келген. 98 қылмыстық іс қозғалған. Қазір құқық қорғау органдарына қатысты 80 қылмыстық іс тергеліп жатыр.

«Соның ішінде департаментте 2 іс тіркеліп, басқа органдардан бізге 83 қылмыстық іс келіп түсті. Сараптама көрсеткендей, қылмыстық істердің көбі, яғни 38 іс БҚО бойынша ҚАЖ (қылмыстық атқару жүйесіне), ал 47 іс облыстық ПД-не қатысты тіркелген. Қазіргі таңда 76 қылмыстық істің 69-ы қылмыстық құрамының болмауы себепті өндіріспен тоқтатылып, ал жетеуін қайталап тіркеуге байланысты негізгі істерге қосу бойынша процессуалдық шешім қабылданды», - деді БҚО бойынша сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының бірінші орынбасары Нұрдәулет Сәмет.