Шымкентте СҚО тұрғындарының атынан несие рәсімдеген күдікті ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Құқық қорғау органына 5 адам арызданған

Фото: ашық дереккөзден

Петропавл полицейлері Шымкентте отырып солтүстікқазақстандықтар атынан несие алған алаяқты ұстады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі «Хабар 24» телеарнасына сілтеме жасап.

Осыған байланысты құқық қорғау органына маусым мен қыркүйек аралығында 5 адам арызданған. Тергеушілер тобы Түркістан облысына арнайы барып, жедел-іздестіру барысында 31 жастағы жергілікті тұрғынды қолға түсірді. Күдіктінің айтуынша, ол зардап шеккендердің жеке мәліметін ғаламтордан алып, олардың атынан 500 мың теңгеге дейін несие рәсімдеген. Қазір сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүріп жатыр.  

«Қазіргі таңда күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалып, аталған фактілер бойынша ҚР ҚК 190 бабы 3-тармағына сәйкес қылмыстық іс қарастырылуда. Сондай-ақ оның осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексерілуде», - қалалық ПБ криминалдық полиция бөлімінің жедел уәкілі Жангелді Əпенов.