Күдікті кінәсін толық мойындады, оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Түркістан облысында кәмелеттік жасқа толмаған қыз жүкті болып қалған. Жәбірленушінің өгей әкесі жасөспірімді зорлады деген күдікке ілінді. Бұл туралы облыстың Полиция департаментінің баспасөз қызметі хабарлады.
Полицияның хабарлауынша, 23 желтоқсан күні Түлкібас ауданы полиция бөліміне ауруханадан қоңырау түскен.
«Фельдшердің айтуынша, кәмелетке толмаған қыз іші ауырып, ауруханаға түскен. Медициналық тексеру кезінде дәрігерлер жасөспірімнің жүктіліктің жетінші айында екенін анықтап, бірден полицияға хабарлаған», - делінген полиция таратқан ақпаратта.
Аталған жайт қылмыстық кодекстің 120-бабының 4-бөлігі (зорлау) бойынша тіркелді. Жәбірленушінің өгей әкесі ауыр қылмыс жасады деген күдікке ілінді. Оны криминалдық полиция қызметкерлері ұстады. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Күдікті кінәсін толық мойындады. Оған қатысты сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Тергеу кезінде оқиғаның мән-жайы толық анықталатын болады. Сараптама белгіленді.