Атырауда балабақша тәрбиешісі дамуында ауытқуы бар баланы ұрып-соққан

Автор: Azattyq Rýhy

Балаға қол көтерген тәрбиеші түсініктеме жазудан бас тартты

 

Видеодан кадр

Әлеуметтік желілерде Атырау қаласындағы балабақшалардың бірінде тәрбиешінің кішкентай баланы ұрып-соғып, құлағынан тартып, аяғын басып тұрған сәті түсірілген видео тарап кетті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.  

Атырау қаласының тұрғыны Рашид Түкешов видео астына жазған пікірінде 2019 жылдың 18 қарашасында дамуында ауыр ауытқушылығы бар «Алтын балық» мемлекеттік арнайы балабақшасында баласын тәрбиешінің аяусыз ұрып-соққанын мәлімдеді.

«Ізмағамбетова Мәрия Қабдолқызы менің ұлым Ермеков А. Р.-дың денесіне бірнеше мәрте зақым келтірді. Балабақшадағы бейнебақылау камераларынан алынған 25 видеожазба қолымызда бар, олардан тәрбиешінің ұлымды қорлап, кемсітіп, түрлі дене жарақатын салғанын көруге болады. Қазіргі уақытта тәрбиеші әлі де балалармен жұмыс істеп жүр», - деп жазды Рашид Түкешов. 

Ұлы сөйлемейтіндіктен, тәрбиешінің не істегенін өз аузымен түсіндіріп бере алмады деген ата-ана құзырлы органдардың есігін тоздырғанын айтады.

«Біз қалалық, облыстық білім басқармаларына, қалалық прокуратураға шағымдандық, алайда қазіргі кезде ешқандай әділеттің жоқ екенін түсіндім. Себебі, сол оқиғадан бері 13 ай өтті, бірақ еш нәтиже шығар емес. Прокуратура мен қалалық полиция бөлімшесі істі кейінге шегере беруден жалығар емес. Біз бұл істің неліктен бұлайша ескерусіз қала беретініне таңымыз бар. Ата-ана ретінде баламызды жәбірлеген адамның тиісті жазасын алғанын қалаймыз. Ол адам балалармен жұмыс істеуден мүлдем шеттетілуі тиіс. 13 айдан бері отбасымызбен ауыр күйзелісті бастан өткеріп келеміз» - деп қамыққан Рашид Түкешов жағдайға әділ баға беру үшін Бас прокуратурадан, Еңбек және әлеуметтік қамту министрлігінен, Атырау облыстық әкімдігінен, мемлекеттік қызметкерлері ісі жөніндегі агенттіктен, Nur Otan партиясының Атырау облыстық филиалының төрағасынан, Аружан Саин қайырымдылық қорының директорынан және өзге де құзырлы органдардан көмек сұраған хатын жариялады.

Көп ұзамай, болған жағдайға байланысты Атырау облыстық Полиция департаменті түсініктеме берді.

«№20 «Алтын балық» балабақшасында тәрбиешінің тәрбиеленушіге қол көтергені расталды. Баланың ата-анасы шағым түсірді. Біз ол шағымды Атырау облыстық білім беру саласын бақылау департаментіне жібердік. Департаменттің тексерісінен кейін Ізмағамбетоваға айыппұл салынып, жұмыстан шығарылды», - делінген ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта «Алтын балық» балабақшасының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс аяқталып, іс материалдары сотқа жөнелтілген. Бұл туралы аймақтық коммуникациялар қызметінде өткен брифинг барысында облыстық ПД өкілі Нұрмұхамбет Муталиев хабарлады.

«Аталмыш дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің «Азаптау» бабымен сот сараптамасын тағайындай отырып, сотқа дейінгі тергеу жұмыстары жүргізілді. Қазіргі уақытта «Алтын балық» балабақшасының тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс аяқталды және сотқа жөнелтіледі», - деді Нұрмұхамбет Муталиев.    

Айта кетерлігі, тәрбиеші өз еркімен түсініктеме жазудан бас тартқан.

«Қалалық білім беру бөлімінің басшысы Фаруза Шәңгерееваның сөзінше, тәрбиеші өз еркімен түсініктеме жазудан бас тартты», - делінген Аktobe_press Instagram-парақшасындағы жазбада.