Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр
Рудныйда айуандықпен кісі өлтіру оқиғасы тіркелді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
Аlau.kz хабарлағандай, қылмыстың ізі суымай ашылған. Қостанай облысы Полиция департаментінің бастығы Бекет Аймағамбетов бұл оқиғаның жай-жапсарын айтты.
«3 желтоқсанға қараған түні 31 және 68 жастағы Рудный тұрғындары пәтерде ішімдік ішкен. Жанжал нәтижесінде 31 жастағы ер адам жәбірленушінің мойнына пышақ сұққан, 68 жастағы ер адам алған жарақаты салдарынан көз жұмды. Содан кейін қылмыс жасаған мас жігіт марқұмның басын кесіп тастап, оқиға орнынан қашып кеткен», - деді Аймағамбетов.
Марқұмның денесін туыстары тапқан.
«Патрульдік полиция қызметкерлері сағат 22:00-ден кейін көшеде мас күйінде жүрген ер адамды байқап қалды. Оның қолынан қан іздерін байқаған полиция бірден күдіктіні ұстады. Мас күйінде ұсталған азамат кейіннен қылмыс жасағанын мойындады. Қазіргі уақытта қамауға алынды, тергеу амалдары жүргізілуде», - деп түйіндеді сөзін департамент басшысы.
Сымбат Ғалымжан, Нұр-Сұлтан