Құтқарылғандардың ешқайсы медициналық көмекке мұқтаж емес
6 желтоқсанда сағат 19:37-де Алматы облысы ТЖД кезекшілік байланыс пультіне Алакөл ауданында, «Көктұма» станциясы мен 16 разъезд арасындағы «Үшарал-Достық» автожолында екі автокөліктің тұрып қалғаны туралы хабарлама келіп түсті. Екі автокөліктің салонында екі ер адамнан болған.
Қатты бораннан жолды қар басып, көліктер қозғала алмай қалған. Сағат 21:09-да Ақши ауылындағы жедел-құтқару жасағы автокөліктерді жолдың тазартылған бөлігіне сүйреп шығарған.
Сағат 13:14-те «Үшарал-Достық» автожолының 45-ші шақырымында Жалаңашкөл учаскесінде DAF маркалы жүк көлігі жолда қалып қойған. Сағат 22:22-де Достық станциясы 20-ӨСБ қызметкерлері аталған автокөліктен 2 адамды эвакуациялап, Достық станциясына жеткізді.
Сағат 22:22-де «Алматы – Өскемен - Қапал Арасан шипажайы" автожолының 35 шақырымында жеңіл автокөлік қалып қойды. Салонда жалғыз жүргізуші болған. Талдықорған қаласы ЖҚЖ құтқарушылары шақырту орнына барып, автокөліктің бензині таусылғанын анықтады. Сағат 23:58-де құтқарушылар жүргізушіні Талдықорған қаласына эвакуациялады.