Түркістан облысында жоғалып кеткен қыз Қарағанды облысынан табылды
Жасөспірім қыз әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген жігіттің ауылында болған
Түркістан облысында үйінен шығып кетіп, із-түзсіз жоғалған 16 жасар қыз Қарағанды облысынан табылды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Түлкібас АПБ-не жергілікті тұрғын арызданып келген. Онда әйел кешкі сағат 17.00 шамасында қызы үйінен шығып кетіп, содан хабарсыз кеткенін айтқан. Жасөспірімнің анасы қызын өз бетінше іздеуден еш нәтиже шықпаған соң, полиция қызметкерлерінен көмек сұрайды.
Түлкібас АПБ-нің қызметкерлері толық құрамда қызды іздеуге кірісті. Халық көп шоғырланған аймақтарға қыздың суреттері ілініп, ТО ПД аудандық, қалалық полиция бөлім, басқармаларына бағытнамалар жіберілді.
«Тәртіп сақшылары жоғалған қызды тез арада табу мақсатында такси жүргізушілерінен, көріп немесе білуі мүмкін деген адамдардан сұрастыру жұмыстарын жүргізді.
Соның нәтижесінде 2 күн ішінде қыздың жүрген жері анықталды. Ол Қарағанды облысынан, әлеуметтік желі арқылы сөйлесіп жүрген жігіттің ауылынан табылды. Қазіргі таңда жасөспірім қыз ата-анасына аман-есен табысталды», - делінген хабарламада.
Полиция қызметкерлері анықтағандай, жасөспірім қыз анасымен сөзге келіспей қалып, үйінен шығып кеткен. Мұндай жайт бұрын да бірнеше рет қайталанған екен. Өз кезегінде, қызының дін-аман табылғанына қуанып, анасы полицейлерге алғысын білдірді.
Түркістан облысының полицейлері барлық ата-анаға балаларына үйден үлкендердің рұқсатынсыз шықпау керек екенін үнемі ескертіп, оларды бақылауда ұстауды ескертеді. Сонымен қатар жасөспірімдердің өтпелі кезеңінде олармен дос ретінде сөйлесуге кеңес береді.