Алматыда ломбард тонаған қарулы топ полицияға қарсылық көрсетті

Оқиға 1 желтоқсан күні сағат 17:00 шамасында Наурызбай ауданында болған

Учаскелік полиция инспекторлары - полиция майоры Қанат Парманов пен полиция капитаны Ерлан Қосалиев Әшімов көшесінде орналасқан ломбард жанынан өтіп бара жатқанда айқайлаған әйелдің даусын естіген. Сол сәтте ломбардтың ішінен тапаншамен және пышақпен қаруланған екі адам жүгіріп шыққан.  

«Олар полиция қызметкерлерін көріп, қашып кетуге тырысқан. Барынша қарсыласқанына қарамастан, күдіктілер қолға түсті.  Учаскелік инспекторлар қылмыс туралы кезекші бөлімге хабарлады», - деп, Наурызбай аудандық полиция басқармасының бастығы, полиция подполковнигі Дидар Аханов оқиғаны баяндап берді.

Оқиғаның куәсі болған ломбард қызметкері Эльмира Үсенбаева тонаушылар мен полиция өкілдерінің арасында төбелес болғанын айтты.

«Мен олардың шыққанын көріп, артынан ердім. Қарасам, екі полиция қызметкері оларды ұстап, төбелесіп жатыр екен. Олар барынша қарсыласып, төбелесті», - дейді куәгер.  

Бұл факт сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізілімінде ҚР Қылмыстық кодексінің 192-бабы 2-бөлімі 1-тармағы бойынша тіркелді. Ұсталғандар қамауға алынды.

«Күдіктілердің екеуі де – Жамбыл облысының тұрғындары. Жақында Алматыға қылмыстық жолмен ақша табу мақсатында келген. Күдіктілердің бірі – 20  жастағы Ж. есімді азамат бұрын адам тонағаны үшін сотталған. Оның сыбайласы – 19 жастағы Қ. есімді азамат та адам денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Қылмыс орнында жедел-тергеу тобы «Байкал» тапаншасын, ас үй пышағын, қолғап, қара бетперде, әртүрлі атаудағы 24 дана алтын салынған науаны және т.б. тәркіледі. Қылмыстық іс аясында тиісті сараптамалар тағайындалды. Күдіктілер уақытша ұстау изоляторына қамалды», - деді подполковник Аханов.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.