Оның сәбиі суықтан үсіп өлген
Қызылорда облысында жер үйдің дәретханасына сәбиін тастаған азаматша ұсталды. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
«1 желтоқсан күні Қызылорда қаласындағы жер үйлердің бірінің ауласындағы дәретхана ішінен жаңа туған нәресте мәйітінің табылу дерегі бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 100-бабымен (жаңа туған баланы анасының өлтiруi) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Күдікті азаматша анықталды», - делінген хабарламада.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр. Тиісті сараптамалар тағайындалған.
Қызылорда облыстық Полиция департаментіндегілердің хабарлауынша, өз баласын өлтірді деген күдікпен 23 жастағы келіншек ұсталған. Оның сәбиі суықтан үсіп өлген.