Итке таланған 2 жасар бала аурухананың жарақат бөлімінде апта бойы ем алды
Атырау облыстық балалар ауруханасында ем қабылдаған екі жасар сәбидің жағдайы жақсарды. Бұл туралы Атырау облыстық балалар ауруханасының дәрігер-травматологы Жақсылық Мағзомов мәлімдеді. Оның айтуынша, итке таланған 2 жасар бала аурухананың жарақат бөлімінде апта бойы ем алған.
«Таңылған жара орны жазылған соң, тігістерін алдық. Баланың бас сүйегін компьютерлік томографияға түсірдік. Қазір бала үйінде. Хирургиялық өңдеу орындарына анасы үй жағдайында күтім жасайды және учаскелік дәрігердің бақылауында болады», - деді емдеуші дәрігері Жақсылық Мағзомов.
Еске сала кетейік, 18 қарашада Атырау қаласына қарасты Жұлдыз ықшам ауданында 2 жасар баланы ит талаған. Сәби дереу ауруханаға жеткізіліп, Атырау облыстық балалар ауруханасының жарақат бөліміне анасымен бірге жатқызылды.
Иттің иесі - 1985 жылы туған Атырау қаласының тұрғыны. Оған қатысты Әкімшілік кодекстің 408-бабының 2-тармағы (Ауыл шаруашылығы жануарларын жаю қағидаларын, иттер мен мысықтарды асырау және серуендету қағидаларын, қаңғыбас иттер мен мысықтарды аулау және жою қағидаларын бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды.