Бурабайда ағаш өңдеу цехынан өрт шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Өрттен зардап шеккендер жоқ 

Ақмола облысының Бурабай ауданында ағаш өңдейтін цех өртенді. Өрттің шығу себептері анықталып жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі Ақмола облысының төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап. 

Щучинск қаласының Верхняя көшесі, 22 мекенжайында орналасқан ағаш өңдейтін цехтың отқа оранғаны жайлы хабар Бурабай ауданының өрт сөндіру бөліміне бүгін таңертең 6:45-те түскен. 

«Өртті сөндіруге төтенше жағдайлар бөлімінің 10 қызметкері мен 3 арнайы техника жұмылдырылған. Өрт таңғы сағат 8.00-де ауыздықталып, 08.51-де толықтай сөндірілді. Абырой болғанда өрттен зардап шеккендер болған жоқ», - деді облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің баспасөз қызметінен. 

Қазіргі уақытта өрттің шығу себептері анықталып жатыр. 

Абзал Алпысбайұлы, Ақмола облысы