«Логика қайда?»: Атырауда қашықтан білім алатын оқушыларды жаппай медициналық тексеруден өткізді

Автор: Azattyq Rýhy

Басқарма басшысы кінәлілер жазасын алатынын айтты

Скриншот: YouTube

Атырауда 14 қарашада №1 қалалық емханаға қаладағы мектеп оқушылары медициналық тексеруден өту үшін жиналды. Алайда, шара барысында әлеуметтік қашықтық сақталмаған. Бұл туралы azh.kz хабарлайды.

8, 9, 10, 11-сынып оқушылары анализ тапсырып, медициналық тексеруден өту үшін осы емханаға шақырылған. Ата-аналар карантин уақытында бір мезетте көп адамды жинаған жағдайға наразы болуда.

«Біздің директорлар мен шенеуніктердің логикасын түсінбеймін. Балалар қауіпсіздік мақсатында қашықтан оқып жатыр, ал енді істеп отырғаны мынау. Кеше оқушыларға емханаға міндетті түрде келу керек екенін хабарлады. Ұлым сонда кеткен, дәліздегі топталған адамдардың суретін жібергенде қатты шошыдым. Енді ол инфекция жұқтырып алды-ау деп күдіктенемін, ПТР-тесттен өтеміз», - дейді ата-аналардың бірі.

Бұл жағдайға қатысты қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасының бөлім бастығы Ернар Абулхайыров жауап берді.

«Медициналық тексеру дұрыс ұйымдастырылмағандықтан, жабық орынжайда адамдар көп жиналды. Карантин талаптарын бұзу фактісі бойынша, атап айтқанда, арақашықтықты және пациенттердің санын сақтамауға қатысты емхананың бас дәрігерінің орынбасарынан ары қарай әкімшілік шаралар алу үшін түсініктеме алынды», - деді ол.

Денсаулық сақтау басқармасының бастығы Асхан Байдуалиев та медициналық тексеруді ұйымдастыруда қате жіберілгенін мойындап, кінәлілердің жазаланатынын айтты.