Павлодар облысында жол апатынан екі адам қаза тапты

Автор: Azattyq Rýhy

Қайғылы оқиға Баянауыл ауданының Майкөбе ауылы маңында болды

Көрнекі сурет: sarnovosti.ru

13 қараша күні кешкі сағат 20.50 шамасында Павлодар облысының Баянауыл ауданына қарасты Майкөбе ауылының маңында жол-көлік апаты болып, екі жолаушы оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy облыстық Полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

«Қалқаман – Керней» автожолының 255-шақырымында «ВАЗ 21014» автокөлігінің 59 жастағы жүргізушісі алдыңғы тұстағы көлікті айналып өтпек болғанда рөлге ие бола алмай, «КамАЗ» тіркемесіне соғылған.   

«Жол-көлік апаты салдарынан «ВАЗ 21014» автокөлігінде отырған екі жолаушы алған жарақаттарынан оқиға орнында мерт болды. «ВАЗ 21014» көлігінің жүргізушісі мен тағы бір жолаушысы түрлі жарақатпен ауруханаға жеткізілді», - делінген облыстық ПД хабарламасында.

Қазіргі уақытта автокөлік айыптұраққа жеткізілді. Тергеу жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Полиция жүргізушілерді жол жүру барысында барынша қырағы болуға және жол жүру ережелерін сақтап, жылдамдықты асырмауға шақырады.