Науқас төрт литрге жуық қан жоғалтқан
Алматыда Жедел шұғыл көмек көрсету ауруханасының дәрігерлері жүрегі мен өкпесінен пышақ жарақатын алған адамды аман алып қалды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Қазіргі уақытта жүрек жарақаттары сирек кездеседі әрі өлімнің 70-80%-ға дейінгі жоғары деңгейіне әкеледі. Алматы тұрғынының айтуынша, ол жарақатты жанжал барысында алған. Оны өте ауыр жағдайда, жүрек аймағында үлкен қан кететін жарақатпен, тыныс алуы қиындаған, АҚ төмен және тахикардия жағдайында жеткізді. Мұндай жағдайда науқасқа жедел көмек көрсету өте маңызды. Әрбір минут санаулы», - дейді ЖШККА бас дәрігерінің хирургия жөніндегі орынбасары Онласын Ибекенов.
Ер адам бірден ота бөлмесіне жеткізіліп, хирургтер тобы торакотомия отасын жасады. Науқас төрт литрге жуық қан жоғалтқан. Ота кезінде пациент 11 доза қан мен плазма қабылдады.
«Соңғы жылдары пышақ жарақаттарымен түскен науқастар саны азайды. Бұл қаладағы қылмыстық ахуалдың жақсаруына байланысты. 90-жылдары, 2000-жылдардың басында пышақ не мылтық жарақаттары болмаған кезекшілік сирек кездесетін. Мереке және демалыс күндері мұндай жарақаттармен бірнеше науқас жеткізілетін», - дейді Онласын Ибекенов.
Бір жарым сағаттық ота хирург, реаниматолог және оталық бөлім медициналық қызметкерлерінің үйлесімді жұмысы нәтижесінде пациент 10 күннен соң ауруханадан шығарылды.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы