Той иесіне айыппұл салынды
Түркістан облысының полицейлері карантин кезінде той ұйымдастырған тұрғынды жауапқа тартты. Бұл туралы Polisia.kz хабарлайды.
Полиция инспекторлары кезекті мониторинг кезінде Мақтаарал ауданы Мырзакент ауылында жергілікті тұрғынның өз інісін үйлендіріп, беташар тойын өткізіп жатқанын анықтады. Аталған тойға 60-тан аса адам жиналған. Тәртіп сақшылары санитарлық талапты сақтамай, тойға қатысқан тұрғындарға түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жиналған қауымды үйлеріне таратты.
Адамдардың көптеп шоғырлануына жол беріп, той иесіне Әкімшілік кодекстің 425-бабы (Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтердi бұзу) бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Жинақталған материалдар шешім қабылдау үшін тиісті органға жолданып, айыппұл салынды.