Түнгі уақытта тіркелген тоғыз қылмыстық деректің ешбірінен саусақ іздері табылмаған
Алматы облысының полицейлері Алакөл ауданында бірнеше ұрлық жасаған күдіктіні ұстады, деп хабарлайды Polisia.kz.
Соңғы екі ай ішінде Алакөл ауданының Үшарал қаласында бірнеше ұрлық дерегі болған.
«Бірінші дерек биыл 9 қыркүйек күні тіркелген. Белгісіз біреулер тұрғын үйдің торды бұзып, терезені таспен сындырып, ақша қаражаттары мен азық-түлік ұрлап әкеткен. Келтірілген шығын 71 мың теңгені құрады. Аталған деректі полицейлер ҚР ҚК 188-бабының 3-бөлігінің 3-тармағы (Ұрлық) бойынша тіркеді», - дейді полиция өкілдері.
Содан кейін жүк және жеңіл көліктерден батареялар, телефондар, құралдар ұрланған.
Соңғы ұрлық 27 қазанда гаражды бұзу арқылы жасалған. Ол жерден ұрылар дәнекерлеу машинасын, екі тегістеуішті, екі араны, домкратты және өзге де қымбат құралдарды алып кеткен.
«Жасалған ұрлықтарға талдау жасаған жедел уәкілдер аталған қылмыстарды тәжірибелі ұры жасады деген қорытындыға келді, себебі түнгі 02.00 – 05 .00-ге дейінгі аралықта тіркелген тоғыз деректің ешбірінен саусақ іздері табылмаған», - делінген ақпаратта.
Олар қолғаппен әрекет етеді деген болжам жасаған криминалдық полиция бөлімі қызметкерлерінің ойы расталды.
«Есепке алынған адамдарды тексеру кезінде бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылған, осы жылдың наурыз айында 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған, Үшарал қаласының 21 жастағы тұрғыны күдік тудырды», - деді полицейлер.
Оның қылмыстық байланыстарын анықтаған полиция қызметкерлері күдіктінің төмен бағамен жәбірленушілер таныған батареяны танысына сатқанын әшкереледі.
Содан кейін полиция қызметкерлері ұрланған мүліктердің басым бөлігін тауып, заңды иелеріне қайтарып берді. Әшкере болған күдікті қылмыстық әрекеттерін толығымен мойындады.