Көптің үрейін ұшырған 49 жастағы азамат ұсталды
Тараз тұрғыны сот ғимаратын «жарамын» деп елді дүрліктірді. Ол мекемеге кірген бойда «Сөмкемде граната бар, оны іске қосамын!» деп айғайлаған, деп хабарлайды КТК телеарнасы.
Болған оқиға туралы хабар 102-ге түскен сәтте күштік құрылымдар жедел жетіп, қалалық нөмірі 2-ші сот ғимаратын қоршауға алған. Осы жерде көптің үрейін алған 49 жастағы азамат ұсталды.
Тексеріс кезінде оның сөмкесінен ешқандай жарылғыш зат табылмаған. Белгілі болғаны, ол азаматтың ақыл есінде ауытқуы бар екен. Ол психдиспансерде тіркеуде тұрған. Қазір бұл іске қатысты тергеу басталды.
«Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 273-бабы, яғни терроризм туралы көрінеу жалған хабарлау бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды. Күдікті Жамбыл облыстық психоневрологиялық диспансеріне орналастырылды», - деді Жамбыл облыстық ПД баспасөз хатшысы Гүлсара Мұхтарқұлова.