Карантин талаптарын елемеген кафелер мен мейрамханалардың аты аталды
Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы, полиция полковнигі Әлібек Қайыровтың айтуынша, Атырау облысы бас санитар дәрігерінің маусым айындағы қаулысында белгіленген карантиндік тыйымдар мен шектеулерді орындамаған 2000-ға жуық дерек анықталды.
30 қазан мен 1 қараша күндері полиция қызметкерлері кафелер мен мейрамханаларды тексеру барысында, Атырау қаласы Азаттық даңғылында орналасқан «Бармаглот» мейрамханасының түнгі сағат 22:00-ден кейін де жұмысын жалғастырғаны анықталды. Мейрамхана ішінде 50-60 адам болған.
Шарипов көшесіндегі «Китайка» мейрамханасы да сағат 22:00-ден кейін 15 адамға қызмет көрсеткен.
Баймұханов көшесіндегі «Султан холл» мейрамханасында 60-70 адам жиналып, той өткізген.
Сәтпаев көшесіндегі «Гранд Парадайз Суши» кафесінің қызметкерлері медициналық маскасыз қызмет көрсеткен.
Мақат ауданында Мақат кенті тұрғыны 30-40 адамның басын қосып, той өткізген.
Жылыой ауданы Құлсары қаласы Карабалин көшесіндегі үйде 30-40 адамның қатысуымен той өтіп жатқаны анықталды.
Арнайы мониторинг жүргізген мобильдік топ отбасылық шараға қатысушыларды таратып, жинақталған материалдар облыстық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментіне жолданды. Құқық бұзушылар әкімшілік жауапкершілікке тартылады.