Қайғылы оқиғадан бері 6 ай өтсе де, ақ халаттылар тиісті жазасын алмаған
Алматыдағы перзентханада көз жұмған ана мен баланың жақындары дәрігер қателікке жол берді деп айыптайды. Олар қайғылы оқиғаның болғанына алты айға жуық уақыт өтсе де, ақ халаттылардың тиісті жазасын алмағанына наразы. Тіпті, Денсаулық сақтау министрлігіне арызданған. Қазір бұл іспен полиция айналысып жатыр, деп хабарлайды «Астана» телеарнасы.
Қайғылы жағдай 16 мамырда қаладағы Акушерлік, гинекология және перинатология ғылыми орталығында болған. Қызы мен немересінен қапыда айырылып қалған Ерлан Мұхамбетов содан бері әділдік іздеп жүр. Оның айтуынша, 26 жастағы келіншектің алғашқы жүктілігі 9 ай бойы қалыпты өткен. Айы-күні жеткенде толғақ қысып, перзентханаға жеткізіліпті.
«Қызым ауруханаға түскенге дейін денсаулығына шағым жасамаған еді. Жүктілігі де жақсы өтті. Нәрестенің дамуында да ешқандай проблема болған жоқ. Босануға келген кезде ғана шарананың үлкен екені анықталды. Соған қарамастан, қызымды 12 мамырда табиғи жолмен босандырып алды», - дейді марқұмның әкесі Ерлан МҰХАМБЕТОВ.
Нәрестенің салмағы 4 кг 780 грамм болған. Жас ана басану кезінде көп қан жоғалтыпты. Дәрігерлер «амниотикалық сұйықтық эмболиясы» диагнозын қойған.
«Қызым босана салысымен жасанды тыныс алу аппаратына жатқызылды. 15 мамырда немерем қайтыс болды. 16 мамырда қызымның жүрегі тоқтады. Кесір тілігін жасап, екеуін де аман алып қалуға болар еді», - дейді Ерлан МҰХАМБЕТОВ.
Қайғылы оқиғадан кейін жедел тергеу басталып, өлімге қанның көп кетуі себеп болғаны анықталған. Осыдан соң босандырған дәрігер жұмыстан шеттетілген.
«Негізінен, кесір тілігі салмағы 5 келіден асатын балаларға жасалады. Дәрігерлер келіншекті босандырар алдында оны жан-жақты тексеруден өткізді. Табиғи жолмен туа алатынына сенімді болған. Босандырған акушер мен дәрігер жұмыстан шеттетілді», - деді Алматы қалалық Акушерлік гинекология және перинатология ғылыми орталығының ресми өкілі Марина РУЗМАТОВА.
Қара жамылған отбасы Денсаулық сақтау министрлігіне шағым түсіріпті. Оқиғаның жай-жапсарын Тауарлар мен қызмет сапасын бақылау департаменті анықтауға тырысқан. Ондағылар істі қалалық полицияға жолдапты.
«Аталмыш дерек бойынша қазіргі таңда Алматы қалалық Полиция Департаментінің тергеу басқармасында қылмыстық іс тіркелуде. Қылмыстық кодекстің 317-бабының 3-тармағы бойынша тиісті сараптамалар тағайындалды», - деді Алматы қалалық Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанат ӘЗІРБЕК.
Қапыда қызынан айрылып қалған отбасы болған жайтқа кінәлілер заң алдында қатаң жазаланғанын қалайды. Олар өз ісіне салғырттық танытқандарды медицина саласына мүлдем жолатуға болмайды дейді. Өйткені қайғылы жағдайдың тағы қайталануынан қорқады.