«Ирина Қайратовнаның» Шымкенттегі шоуы бойынша тексеру жүргізіліп жатыр
Карантин режимін бұзғандарға айыппұл салынуы мүмкін
1 қарашада Шымкент қаласындағы Наурыз алаңында «Ирина Кайратовна шоуы» деген атаумен өткен концерт бойынша қалалық Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті тексеріс жүргізіп жатыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі.
«Әл-Фараби ауданының басшысына кешегі өткен концерттік шара бойынша қызметтік тексеріс жүргізу туралы тапсырыс берілді. Аталған кештің өткізілетінінен біз бейхабар болдық. Егер, концерт барысында карантин талаптарына сай заңбұзушылық әрекеттері болса, онда кешті ұйымдастырушыға айыппұл салынады. Кешті ұйымдастырушының жеке кәсіпкер немесе ЖШС иесі екені анықталып жатқандықтан, айыппұл көлемінің қанша болатынын қазір нақты айта алмаймын», - деді Шымкент қаласы Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті бөлімінің басшысы Майра Серікқұлқызы.
Заңгер Айгүл Орынбек аталған іс-шараға қатысты Facebook желісіндегі парақшасында жазба қалдырып, қала прокуратурасынан карантин режимін бұзған Шымкент әкімдігін жазаға тартуды сұрады.
«Заң бәрімізге ортақ па? Заң ортақ болса, ұйымдастырушы – Шымкент қаласы әкімдігі жазаға тартылсын! Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Шыңғыс Мұқанның «Індет өршіп келе жатыр, тәртіп сақтайық» деп алып, өздері концерт өткізіп жатқаны несі? «Арақашықтық сақтап, отыз адамнан артық жиналмау керек» деген дәлду-бәлду әңгімелеріңіз қайда қалды? Ипподромда ұлттық спорттан жарыс ұйымдастыруға рұқсат берілмейді, ал мынадай жын-ойнаққа не үшін рұқсат беріп жүрсіңдер? Шымкент қаласының Полиция департаменті кафелерді тексеріп, тәртіп орнатып жүр едіңіздер, мына кешке келгенде не болды?! Әкімдікке шамаларың жетпей ме? Мынау не тәртіпсіздік? Әкімдікке ескертуге болмады ма?! Ертең қалада індет өршитін болса, осындай кешке тосқауыл бола алмаған бәрің кінәлісі боласыңдар! Әйтенов, осы ма жаңа жобаң? Жастарды заңға бағынбауға үйрету ме?!», - деп жазды заңгер.
Azattyq Rýhy тілшісі Шымкент қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне хабарласып, карантин кезінде жергілікті биліктен не себепті Наурыз алаңында концерт өткізуге рұқсат бергенін сұраған еді.
«Ирина Қайратовна» шоуы өткізген концерт шарасына қатысты ресми түсінікті Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқан бүгін кешке әлеуметтік желідегі парақшасының тікелей эфирінде мәлімдейді. Дәл қазір сіздерге ешқандай жауап бере алмаймын», - деді әкімнің баспасөз хатшысы Бекен Қоныс.
Айта кетейік, аталған концертті U:hack - Shymkent инновациялық идеялар фестивалінің ұйымдастырушылары өткізген.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан