Атырау облысының әкімдігі Семейде Абайдың 175 жылдығына орай қолға алған жұмысын аяқсыз қалдырған

Автор: Azattyq Rýhy

Соның салдарынан тұрғындардың пәтеріне кіріп-шығуы қиындап қалған

Ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойынын аясында көпқабатты үш үйдің ауласы толық жөңдеуден өткізілуі тиіс болған. Ал оған қажет қаражатты Атырау облысының билігі өз мойнына алыпты. Жұмыс басталып, ойын алаңқайы мен асфальт жолды қопарып тастаған. Бірақ басталған жөңдеу орта жолдан тасталған. Енді тұрғындар тас-талқаны шыққан ауламен жүріп-тұрудан қалдық деп отыр, деп хабарлайды КТК. 

Бірақ содан кейін жұмыс жүрмей қалған. Енді осының салдарынан тұрғындардың пәтеріне кіріп-шығуы қиындап кетіпті.  

«Сол беті былықтырып кетті. Мына жерде жүретін үлкен кісілер, балалар бар. Олар  қыста мына жерде тайғанап құлауы мүмкін. Оның үстіне құмның бәрі үйге кіріп жатыр. Бізбен бірге бастаған басқа жерді уақытында жасап бітті. Ал бізде әлі біткен жоқ», - дейді Семей қаласының тұрғыны Нұргүл Жақыпова. 

Тұрғындар аяқсыз қалған құрлыстың жыры мен талай табалдырық тоздырғанын айтады.  Әйтсе де жергілікті билік істі сиырқұйымшақтандырып, діңкелетіп бітірді деп өкпелі. Ал күнде ертеңге сілтеген мамандар абаттандырудың тұралап қалғанын қаражаттың жоқтығымен байланыстырды.  Олардың айтуынша, атыраулық шенеуніктер бастаған жұмысты аяғына дейін жеткізуі тиіс.

«Бүгінде Атырау облысының ақпарат бойынша жұмысы басталған. Алайда қаражаттың қиындығына байланысты жұмыс тоқтатылды. Ұзақ уақыттық келісөздермен Атырау облысынан ақша қарастырылатын болды. Яғни мердігер мекемемен келісімшарт жасалады», - дейді Семей қалалық ТКШ бөлімінің сектор меңгерушісі Құралай Дүйсенбаева. 

Жергілікті билік басталған жұмысты қар жаумай тұрып аяқтауды жоспарлап отыр. Мамандар көпқабатты үйге баратын жолға да жаңа асфальт төселетінін жеткізді. Сондай-ақ балаларға ойын алаңқайы мен шынығатын спорттық алаңдардар да жаңа салынбақ. Ал тұрғындарға күтуден басқа амал жоқ.