Той иесі мен мейрамхана қожайыны жауапқа тартылды
Өткен түні, яғни 19 қазанда Жезқазған қаласында эстрада жұлдыздарының қатысуымен дүркіреген той өтті. Әлеуметтік желілерде тараған ақпаратқа сәйкес, жүздеген адамның басы қосылған салтанатты шара әнші Қуандық Рахымның үйлену тойы екен.
Әншінің үйлену тойына туыстарынан бөлек, Төреғали Төреәлі, Дидар Қамиев, Нұрболат Абдуллин және Әбдіғаппар Әлқожа сияқты өнердегі әріптестері де келген. Оған эстрада жұлдыздарының әлеуметтік желіде жариялаған фото, видеолары дәлел.
Бұл жағдайға қатысты Қарағанды облысы Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті баспасөз қызметінің ресми өкілі Айгүл Шатекова tengrinews.kz сайтына пікір білдіріп, той иесі мен мейрамхана иесінің жауапқа тартылғанын айтқан.
«Жезқазған қалалық Тауарлар мен қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау басқармасы 19 қазанда «Ұлытау» мейрамханасында жүзге жуық адам қатысқан үйлену тойы өткенін хабарлайды. Материал Жезқазған қаласының полиция басқармасының есеп кітапшасына тіркелген. Жеке кәсіпкерік иесі мен іс-шараның иесі жауапкершілікке тартылады», - деген ол.
Azattyq Rýhy тілшілері той иесі Қуандық Рахым мен салтанатты шараға қатысқан басқа да өнер жұлдыздарына хабарласқан еді. Бірақ, әзірге олардың ешқайсысы телефон тұтқасын көтермеді.